1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесінде Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты ел игілігіне табысталды. Салтанатты шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, академик, жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев пен «Саутс Ойл» мұнай компаниясының басшысы Серікжан Сейтжанов, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жаңа ғимаратта өнерлі жастар тәрбиелене беруіне тілек білдірді.
Аймақ басшысы өнер қайраткерлерінің лайықты ізін жалғайтын өнер ордасының Сыр мәдениетінің қарашаңырағына айналғанын атап өтті.
“Елу жылға жуық тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі Сыр топырағында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне зор үлес қосып келеді.
Бүгінге дейін оқу орны талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта қиындықтарға қарамастан жастарға білім беріп, өнерге баулыды.
Жаңа ғимаратта студенттерге барлық жағдай жасалған. Үлкен концерт, би залдары, хор бөлмесі бар.
Кең музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай келетін 200 орындық жатақхана шалғай елді мекеннен келген жас өрендерді қабылдауға дайын.
Күн сайын жаңарып, жасарған Сыр өңірінің жаңа келбетіне көрік берген музыкалық колледждің ғимаратын салуға демеушілік жасап, қолдау көрсеткені үшін «Саутс-Ойл» компаниясының басшысы, елімізге белгілі меценат Серікжан Сейтжанұлына барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан шынайы ризашылығымды білдіремін.