Бүгін: 03.07.2024
Реформалардың локомотиві сіздерсіздер, біздің ару жастар! Қазақстанның болашағы жастардың қолында, өз мүмкіндігіңді, арманыңды жіберіп алма. Жақсы оқып, еңбектенген адамның ғана арманы орындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев

Сан ғасырлық тарихы бар қазақ музыкасының бір саласы – Ән өнері. Әнге деген сүйіспеншілік – қазақтың ұлттық қасиеті. Кәсіби білім алып әнші болуды, ұлтымыздың өнерін асқақтатып, эстетикалық тәрбие беруде еліне қызмет етуді арман еткен жастар біздің колледждің «Ән салу» бөлімінде оқып, осы бөлім ұстаздарынан тәрбие алып, әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетуде. Жалғанда адам дауысына тең келетін аспап жоқ.

Сол аспапты меңгеріп, тыңдаушының көңілін алаңдатар әуендер орындау – өнердің биік көрсеткіші. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегендей музыкалық сауаты жоқ, итальян тілі былай тұрсын орыс тілін дұрыс түсінбейтін, тек табиғатынан дарынды қазақтың қара домалақтары біздің ұстаздарымыздың зор еңбегінің арқасында классикалық ән өнерін орындауды меңгеріп, орыс, итальян, неміс, француз тілдерінде шығармалар орындап, көптеген республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды. Шәкірт жүрегіне жол тауып, тәлім-тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырған ұстаздарымыз – өз істерінің шебері. ҚР еңбегі сіңген әртісі Қ.А.Ақдаулетова 30 жыл басқарып келген «Ән салу» бөлімі үлкен жетістіктерге жетті.

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсахожаева: «Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі музыкалық білім беру саласындағы мамандандырылған оқу орындары арасында алдыңғы қатарда. Заманауи музыкалық мәдениетке, Қазақстанның вокалдық өнеріне зор үлесін қосқан музыкалық өнердің барлық бағыттары бойынша дарынды шәкірттерді тәрбиелеуде түлектеріңіздің Қазақстан музыкалық өнерін әлем сахнасында паш еткізген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен жеңімпаздары қатарында болғаны, білімді, инабатты, тәрбиелі, кәсіби шебер болып қалыптасуы қажырлы еңбектеріңіздің арқасында деп білемін. Оқу ордамыздың іргесінде біз мақтан тұтатын көптеген шәкірттеріңіз білім алуда. Шәкірттеріңіз баршамызды кәсіби жетістіктермен қуанта беріп, ал отандық және әлемдік өнерде әрі қарай жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін», – деді Қ.Ақдаулетованың 60 жылдық мерейтойына жіберген арнайы құттықтау хатында. Бұл біздің колледж және «Ән салу» бөлімі үшін үлкен құрмет.

Кеңес одағының Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Бибігүл Ахметқызы Төлегенова: «Сыр елінде опера рухына қызмет етуші жас әншілердің саны жылдан жылға көбейіп, өнерін жоғары дәрежеде дүние жүзіне паш етіп жүр. Талантты жас орындаушылар қатарымызға қосылып жатқандығы өте қуантады. Опера өнері дамып,жас әртістер халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, классикалық ән өнеріне өзіндік үлесін қосуда» – дейді. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Ән салу» бөлімі ұстаздарының жас әншіні тәрбиелеуде өзіндік методикасының қалыптасқанын, оның жоғары сатыда тұратындығын еліміздің өнер майталмандары осылай деп бағалауда

Түлектеріміз Республикамыздың басты опера театрларының солистері, Қазақстанның облыстық филармонияларының әншілері, енді бірі еліміздің музыкалық колледждерінде еңбек етіп, ән айтудың құпия сырларын жастарға үйретіп, ұстаздарының жолын жалғастыруда. Алды ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мәдениет қайраткері, жастар «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері. Көптеген шәкірттеріміз республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары. Қай жерде жүрсе де ұстаздарымыз да, түлектеріміз де Қазақстанның, Сыр елінің, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің абыройын асқақтатып, беделінбиікке көтеріп келеді.  «Ән салу» бөлімі 1977 жылы музыкалық училище ашылған күннен бастап өз жұмысын жалғастырып келеді. Алғашқы ұстаздар: Т.М.Хомовская, П.И.Горизанов, Н.А.Лебедева, Е.Н.Аникина, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры И.Жарилканов, П.Сулейменов.

Бөлімде осы күнге дейін 400-ден аса әншілер бітіріп, Республикамыздың Алматы, Астана қалаларында, алыс-жақын шет елдерде білімдерін жалғастырып, еліміздің түкпір-түпкірінде өнер және білім саласында еңбек етуде. Малик Азат Венгриядағы Будапешт консерваториясының магистрі, Алтынбек Айгерім Италиядағы Парма консерваториясының магистранты, Шалман Нұрай Италиядағы Милан консерваториясында білімін жалғастыруда.

         Қазіргі таңда бөлімде 18 ұстаз қызмет жасауда. Олардың барлығы колледжіміздің түлектері.

П.А.Арғынбаева– бөлім меңгерушісі, Ы.Алтынсаринтөсбелгісінің иегері, Душанбе қаласындағы М.Тұрсын-Заде атындағы Тәжік мемлекеттік өнер институтын аяқтап 1992 жылдан колледжде қызмет етуде;

Ғ.Д.Сүлейменов – «Өнер майталманы» медалінің иегері, 1995 жылдан колледжде еңбек етуде;

С.Ж.Байсеитова – «Құрмет» орденінің иегері, 2008 жылданколледжде еңбек етуде;

А.С.Рахметов – ақын, жырау, «Мәдениет саласының үздігі» медалінің иегері, 2008 жылдан колледжде еңбек етуде;

Жас ұстаздар Ф.Бұлданова, Б.Төлеубаев, М.Махулбеков, Г.Зиядинова, З.Баймурзаева, А.Иманжаппаров, А.Табынбаев, Н.ОмарҚұрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын, Е.Омаров Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Ж.Белгібаева, С.Тасбергенова, Г.Нағашыбай, Ү.Ерниязов, Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетін бітіріп, қазір бөлімде қызмет етуде. 

Түлектеріміз

Айтимов Марат – ҚР еңбек сіңірген қайраткері,А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы;

Бибігүл Жанұзақ – «Астана- опера» мемлекеттік опера және балет театры солисті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР тұңғыш президенті – Елбасы қорының лауреаты;

Ахетова Гаухар – Шымкент опера және балет театрының солисті;

Азат Малик – «Астана- опера» мемлекеттік опера және балет театры, Венгр Ұлттық опера театрының солисті, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты;

Алтынбек Абильда- ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. «Елбасы медалі» ұлттық жобасының жеңімпазы, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисті;

Назым Сағынтай «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры солисті;

Алтынбек Айгерім –ҚР Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Италияның Парма қаласы консерваториясының магистранты; 

Бөлім оқытушылары облысымыздың барлық мерекелік концерттеріне үлкен дайындықпен қатысуда. 1996 жылы Алматы қаласында, 1998 жылы Астана қаласында өткен Қызылорда облысы өнері мен мәдениетінің онкүндігінде, 2008 жылдан бастап Астана, Алматы, Өскемен, Тараз, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау қалаларында өткен Қызылорда облысының өнер және мәдениет күндерінде бөлім оқытушылары мен оқушылары белсене өнер көрсетіп келеді. 1999-2000 оқу жылында ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ә.Еңкебаевтың ұсынысымен бөлім ішінен «дәстүрлі ән салу» класы ашылып, 2006 жылға дейін Әскербек ағай оқытып, тәрбиелеген көптеген шәкірттер Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында білімдерін жалғасырды.

Белгілі күйші, өнер зеттеушісіТ.Тоқжановтың ұсынысымен, колледж директорыК.Ш.Ботабаевтың қолдауымен 2008-2009 оқу жылында бөлім жанынан «Дәстүрлі ән-салу» класы қайта ашылды. Бұл класта республикаға белгілі айтыскер ақын, жырау А.Рахметов, Б.Төлеубаев, Е.Омаров, З.Баймурзаева, Ү.Ерниязов оқушыларға білім беруде. Бөлім оқытушылары әрқашан өз шәкірттерін Халықаралық, Республикалық конкурстарға дайындауда.

2001 жылдан бастап оқушыларымыз Республикалық Жас орындаушылар конкурстарының, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында өтетін студенттік Кіші олимпиаданың, Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарының, Шымкент қаласында жылсайын өтетін «Қазақ Романсиадасының», Астана қаласында өтетін Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» саз фестивалі аясында өтетін әншілер байқауының лауреаттары. 

Алғаш болып Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры И.Жарилкановтың оқушысы Назым Сағынтай Волгоград қаласында өткен Халықаралық Дельфий ойындарының Алтын медаль иегері, П.А.Аргинбаеваның оқушысы Алтынбек Айгерім Санкт-Петербург қаласында өткен Б.Штоколов атындағы V халықаралық вокалистер конкурсының лауреаты, Хайрулла Айбек, Мұратқызы Салтанат, Омар Диас, Сақитжан Саят Москва қаласында өткен С.Лемешев атындағы VIII халықаралық вокалистер конкурсының лауреаттары атанды.