Бүгін: 05.07.2024
Реформалардың локомотиві сіздерсіздер, біздің ару жастар! Қазақстанның болашағы жастардың қолында, өз мүмкіндігіңді, арманыңды жіберіп алма. Жақсы оқып, еңбектенген адамның ғана арманы орындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев

1977 жылы Қызылорда музыкалық колледжі ашылған күннен өз жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді. 40 жыл көлемінде 500-ге тарта мамандар даярланды. Бітірушілерге: «Хор дирижеры», «БММ оқытушысы» және алғашқы жылдары «Музыка пәні мұғалімі» квалификациясы беріліп келді, соңғы жылдары облыс бойынша балалар музыка мектептеріне Сольфеджио пәні оқытушысын даярлайтын бөлімнің жоқ екенін ескеріп, қасымша «БММ сольфеджио оқытушысы» квалификациясы беріліп келеді және де келешек бүгінгі күннің талабын ескере бітірушілерге қосымша «Бала-бақша музыка жетекшісі» квалификациясын беру жоспарланып отыр.

Училищенің алғашқы ашылған жылдары колледждің «Хор дирижеры» бөлімінің қабырғасын қалауға ат салысып бөлімнің ірге тасын қалаған оқытушылар Р.Салманов, Қ.Сахиев, В.Н.Троцук, В.И.Буркацкая, Т.А.Раптанова, Р.Н.Лыкова болды.      Бөлімнің аралас хоры - Е.Б.Соколянскийдің жетекшілігімен 1992 жылы музыка училищелері аралық өтілген ІІІ Республикалық хор ұжымдарының конкурсында ІІІ орын иеленіп, лауреат атанды, 1994 жылы - хор жетекшісі Е.Б.Соколянский, және 1998 жылы хор - жетекшісі Жалғасбаева Ғанияның басшылығымен Павлодарда өткен Республикалық хор ұжымдары фестивалінде, 2003 және 2007 жылдары - Ордабай Канетовтың жетекшілігімен Ақтөбеде өтілген халықаралық «Жұбанов көктемі» хор ұжымдары фестиваліне қатысып, өзіндік орындаушылық мәнерімен, шеберлігімен ерекше көзге түсіп, арнайы дипломмен, сыйлықтармен марапатқа ие болды.  Қазіргі таңда бөлімде: «Аралас хор» жетекшісі - Р.Қазбеков және «Қыздар хоры» - жетекшісі Б.Мұсабеков - хор ұжымдарының жұмысын жалғастырып келеді.

Аралас хор класында бітірушілердің қорытынды мемлекеттік аттестаттау бағдарламасы дайындалып, жылма-жыл жаңа, қызықты да тартымды шығармалар таңдалып, орындалады және де сол бағдарламалар бөлім оқушылары мен оқытушыларының талғамдары мен талаптырының да жетіле түсуіне үлкен әсер етеді. Әр жылы мемлекеттік қорытынды аттестаттау комиссиясының төрағалары хордың деңгейін, орындау, шеберлігін жоғары бағалап, және де жетекшісі Р.Қазбековтің ерен еңбегінің нәтижесі екенін, өз ісінің кәсіби маманы екендігін ерекше атап өтеді. Қыздар хор класын  бөлімнің және «Ән салу» бөлімінің 1-2 курс студенттері құрайды. Соңғы 7-8 жыл көлемінде хорға жетекшілік етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, Болат Бахрамұлы жылма-жыл үзбей Қыздар хорының шығармашылық - есептік концертін колледж оқушылары мен оқытушыларының назарына ұсынып келеді, және де облыстық, қалалық іс- шараларға ат салысады. Нәтижесінде хордың репертуарлық қорының байи түсуіне, орындаушылық шеберлігі және мәдениетінің жетілуіне зор ықпалын тигізуде.

2002 жылдан бөлімге осы колледждің түлегі Балабаева Рыскул Камалқызы жетекшілік етіп келді. Алғашқы күндерден бастап бөлімдегі арнайы кәсіби бағдар беретін циклдық пәндердің сапасын және оқушылар мен оқытушылар арасында бәсекелестік пен белсенділікті арттыру мақсатында жылма-жыл бөлім ішілік: «Үздік дирижер»; «Хор партитурасын үздік орындаушы»; «Үздік хормейстер»; «Үздік ансамбльдік орындау» номинацияларымен конкурстар ұйымдастыруды және «Хор кластарының» есептік концерттерін өткізуді дәстүрге айналдырды. 2009 жылдан бастау алған Республикалық студенттер олимпиядысына жылма-жыл бөлім оқушылары қатысып, әр түрлі дәрежедегі дипломдар мен марапаттаулар иеленіп келеді. Оған баса назар аударып, жылма-жыл оқушылар дайындап ат-салысып жүрген оқытушылар- Р.Балабаева, М.Жаманкеева, И.Ким, Р.Қазбековтың еңбектерін ерекше атап өтуге тұрарлық. Қазіргі таңда бөлім  меңгерушісі И.Ф.Ким. Республикалық студенттер олимпиадасы оқушылардың қызығушылығын арттырып, ынталана тусуіне ықпалын тигізуде. Нәтижесінде бөлімішілік конкурстар мен олимпияда жеңімпаздары жоғары кәсіби музыкалық білім ошақтары Құрманғазы атындағы ҚҰК-на, Астана қаласындағы ҚҰӨУ-нің, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академисының грант иегерлері атанып, білімдерін шыңдауда.

Қазіргі  таңда  бөлімде 13  оқытушы  қызмет  атқарады.